Главная

Жаңалықтар

2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде тамыз қыркүек қазан қараша желтоқсан 

Қазір клиенттердің соңында емес, алдында жүретін кез

29.09.2006

«ТұранӘлем Банкі» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхтар Әбіләзовпен сұхбат

 


  • ТӘБ жуырда өзінің жаңа Стратегиясы қабылданғаны туралы жариялады. Оның мән-маңызы неде?
  • Мемлекет басшысы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты жыл сайынғы Жолдауында алға қойған міндеттерді, өзіңіз де байқаған боларсыз, қазақстандық бизнес-қауымдастығы зор ықыласпен қабылдады. Ұлттың алдына өршіл, бірақ қолжетерлік мақсаттар қойылды. Еліміздегі жүйе құраушы қаржы институттарының бірі болып табылатын біздің банк экономиканы жаңартуға белсенді түрде қатыспақ ниетте, өйткені әзірге шикізаттық емес секторды қаржыландыруда отандық банктерден басқа балама жоқ. Әрине, бұл үшін ұзақ мерзімді кезеңге арналған перспективаларды көрсету қажет. Сондықтан да біз 2006-2015 жылдарға арналған стратегиялық даму жоспарын жасауға көмектесуін сұрап, Делойт кеңесшілеріне өтініш білдірдік. Егер сіз байқаған болсаңыз, ТӘБ-тің өсу серпіні кейінгі кездері едәуір жоғарылады. Оның активтері тек соңғы жылдың ішінде 10 млрд. доллардан асты. Банк бүгінде ТМД, Шығыс Еуропа және әрине, Орталық Азияның дамушы рыноктарында белсенді ілгерілей түскен қаржы компанияларының негізгі қаржы тобына айналып келеді. Бүгінгі таңда ТӘБ Тобының қатысу аясы ТМД елдерінің көпшілігін (Қазақстанды қоспағанда), атап айтқанда Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Армения, және Қырғызстанды қамтиды. Мейлі, әзірге Топқа кіретін банктердің ТМД елдері банк секторының активтеріндегі үлесі өзінің жиынтық көлемі жағынан аса үлкен болмағанымен, ТМД елдерінің банк секторы даму үшін неғұрлым жоғары әлеуетке ие екендігі айқын. Сондықтан біздің банктің активтерін 50 млрд. долларға жеткізу жөніндгі мақсатымыз - әбден қолжетерлік меже.

     

  • ТӘБ-тің өсуінің негізгі көздерін сіз немен байланыстырасыз?
  • Бұл ең алдымен бізді ортақ тарихымен ғана емес, болашақта есе қайтаруды ойлаған үлкен құлшыныс біріктірген посткеңестік кеңістіктің өзінде бар орасан зор нарықтық әлеуетті ұғына алуымызбен байланысты. Бұл жәй ғана үлкен тұтыну рыногы емес, ол Қытайдан немесе Үндістаннан еш кем түспейтін жаңа экономикалық кеңістік. Және де осынау жаңа кеңістіктің өз тәжірибесі мен білімін пайдаланбау кешірілмес іс болар еді. Бизнес жаһандануда . Бизнестің тек қана мемлекеттік, тек қана ұлттық шекараларда тұйықталып қалуына болмайды. Жаһанданған дүниеде бұл бизнестің ғана емес, елдің де сөзсіз тарихи жеңілісіне әкеліп соғады. Нақ сондықтан да біз ТМД-дағы ірі жеке меншік банк болуды қалайтынымызды жасырмаймыз. Біз ТМД-дағы ірі сауда әріптестері саналатын елдерде өз қатысуымызды кеңейту мақсатымен Қазақстан мен ТМД-ның басқа елдерін серпінді өсіп келе жатқан сыртқы сауда ағымына тиімді қызмет көрсетпек ойдамыз. ТӘБ қазақстандық рынокқа арнап әзірлеген қаржылық өнімдер мен технологияларды еншілес банктер мен компаниялар жүйесі арқылы көрші елдердің рыноктарында таратуға әбден болады, олар озық әрі бәсекеге қабілетті. Бүгінде, жылдам өзгеріп отырған жаһанданған дүниеде клиенттердің ақшасы неғұрлым тиімді жұмыс істеу үшін көп жағдайда олардан озық жүріп отыру өте маңызды. Сөйткенде ғана олардың ықыласына, ұнатуына, сеніміне ие болуға бола аласың.

     

  • Жаңа стратегияға байланысты банк клиенттері құрылымын өзгерту ойларыңызда жоқ па?
  • Біз қызмет көрсету сапасын жақсарту, технологиялық жаңғыртуға инвестиция салу және бөлшек сауда бағытын дербес бизнеске бөліп шығарудың есебінен банк қоржынындағы бөлшек бизнестің үлесін тұтастай алғанда 50 пайызға дейін жеткізбекпіз.

     

  • Сіздердің стратегияларыңыз Қазақстан экономикасы дамуының оптимистік сценарийін көрсетеді. Сіздердің оптимизмдеріңіз неге негізделеді?
  • Біз факторлардың тұтас бір кешенін ескергендіктен болашаққа сеніммен қараймыз. Бұл ең алдымен халықтың нақты табысының қарқынды өсуімен байланысты. Елде орта тап белсенді түрде қалыптасуда. Олардың саны 5 млн. адамға дейін өседі деп ойлаймыз. Тұтыну деңгейі де өсіп келеді. Сонымен бірге елде қажетті банктік инфрақұрылым жасалған, банктердің несие қоржынының тәуекелдерін әртараптандыру жүргізілуде, несиелеу процестері мен технологияларының тиімділігі өсе түсті. Әрине бұл ретте бәсекелестіктің өсуі, соның ішінде рынокқа шетелдік ойыншылардың шығуы аз рөл атқармайды.

     

  • ТӘБ корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетуде әрдайым жұрт мойындаған көшбасшы болды. Десек те, біршама ұсақ банктердің серпінді өсуі мен қалыптасқан технологиялары бар шетелдік ойыншылардың Қазақстан нарығына белсенді түрде шығуы есебінен бөлшек несиелеу сегментінде бәсекелестік күшейе түсуде. Сіздер өздеріңіздің бәсекеге қабілеттіліктеріңізді қалай сақтап қалмақсыздар?
  • Тарихи тұрғыда ірі корпоративтік бизнес ТӘБ-тің негізгі бизнесі болып табылады. Ол банктің табыстарының едәуір бөлігін әкеліп отыр. 2004-2005 жылдар аралығында банктің несие қоржынының көлемі корпоративтік клиенттер бойынша 44 пайызға ұлғайды. Корпоративтік қызмет көрсету жөніндегі бизнес-үдерістер пысықталған және қалыпқа түскен. Бұған әр клиентпен ерекшелігіне қарай дербес жұмыс істейтіндігімізді қоссақ - осының бәрі ТӘБ-тің аталған рынокта жетекші позицияда болуына мүмкіндік береді. ТӘБ бес жыл бойы бөлшек депозиттер рыногының бестен бір бөлігін иеленіп келеді. 2015 жылға қарай банк бөлшек саудада, шағын және орта, сондай-ақ корпоративтік бизнестегі өзінің үлесін Қазақстанда – 30 пайызға дейін және басқа елдердегі қатысуын 2 пайыздан 5 пайызға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

     

  • Сіздіңше рыноктың қандай сегменттерінің неғұрлым жоғары өсу әлеуеті бар?
  • Ипотеканың, несиелік карталар мен бөлшек несиелеудің әлеуеті біраз көрінеді. ЕО мен Шығыс Еуропа елдеріндегі сценарийге қарағанда (олардағы жағдай біздікіне неғұрлым жақынырақ), аталған рыноктардың өсуінің жоғары қарқыны айтарлықтай сақталады. Айталық, егер Қазақстанда тұтынушылық несиелер ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын, ипотека 3 пайызын құраса, Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде бұл көрсеткіштер орташа алғанда тұтынушылық несиелеуде 18 пайыз, ипотекалық несиелеуде 22 пайызға тең.

     

  • Мұндай жағдайда филиалдар желісі қалай дамитын болады?
  • Біздің филиалдық желіміз – елеулі артықшылықтарымыздың бірі. Банк қазіргі қолда бар сату арналарына жүктемені едәуір ұлғайтып, олардың жұмыс тиімділігін арттыруға бағытталған «барлық өнімдерді барлық арналар бойынша сату» стратегиясын іске асыруда. Міне, бірнеше жылдан бері біз Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Банктік қызмет орталықтары, жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсететін ірі бөлімшелер желісін дамытып келеміз. Орталықтар жұмысының негізгі принципі – кросс-сатулар, яғни банктік және қаржылық қызметтердің, ТӘБ-тің еншілес компанияларының, соның ішінде несиелік, ипотекалық, сақтандыру, лизингтік және басқа да компаниялардың қызметтерін қоса алғандағы, толық кешенін сату.

     

  • Шағын және орта бизнеске қызмет көрсетуге басқа банктермен қалай бәсекелеспек ойдасыздар?
  • Өзіңізге белгілі, қазір ұлттық компаниялар мен мегахолдингтердің бейіндік емес қызметтерін анықтау үдерісі жүріп жатыр, бұл осы қызмет түрлерін шағын және орта бизнестің бәсекелестік ортасына айналдыру үшін іске асырылуда. Бүгінгі таңда бағдарламаны жүзеге асыру тәртібі түбегейлі айқын болмағанымен, тиісті қадағалау мен бақылау жасалса, аталған бағдарламаның нәтижелерінің бірі шағын және орта бизнестің еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесінің ұлғаюы болуы тиіс. Сондықтан қазіргі кезде бұл біз үшін басымырақ сегмент болып табылады. ТӘБ-тің шағын және орта бизнеске арналған несие қоржыны 2005 жылдың аяғында 660 миллионға жуық долларды құрады, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе дерлік ұлғайды. ТӘБ-тің шағын және орта бизнеске арналған несие қоржынының өсу қарқыны рыноктың өсу қарқынынан алда болғандықтан оның рыноктағы үлесі 10 пайызға дейін өсті. Алайда, банктің стратегиялық мақсаты – шағын және орта бизнес рыногының 30 пайызын иелену. ЕҚДБ-мен бірлесіп несиелік бағдарламаны жүзеге асыру банктің өнімдер қатарын қалыптастыруына, үдерістер мен стандарттарды қалыпты жолға қоюына, шағын бизнесті несиелеу технологияларын үйренуіне мүмкіндік берді. Нәтижелі жұмыс қорытындысында 2005 жылдың аяғында ЕҚДБ өз бағдарламалары аясындағы несиелеу жөніндегі өкілеттіктерді ТӘБ-ке берді. ЕҚДБ-дан басқа ТӘБ шағын және орта бизнес субъектілерін несиелеу саласында KfW, Азия Даму Банкі және Ислам Даму Банкімен ынтымақтастық жасауда. Сонымен бірге 2006 жылдың соңына дейін банк «кросс-сатулар» жобасын енгізуді аяқтайды, жоба клиенттердің барлық қаржылық қажеттіліктерін қанағаттандыру ыңғайында, банктік қызметтер мен ТӘБ-тің еншілес компанияларының қызметтерін қоса алғандағы кешендік қызмет көрсетуді іске асыру есебінен, клиенттердің банкке деген түзу ниетін арттыруды көздейді.

     

  • ТӘБ атауы бірнеше жылдан бері экспансия деген ұғыммен тығыз байланыста естіледі. Мұнда не басымырақ – капиталды сыртқа әкету ме, әлде тәуекелділіктерді әртараптандыру немесе жаңа рыноктарды жаулап алу ма?
  • Бұл арада біріншісі қай жерден аяқталып, екіншісі қай жерден басталатынын айту қиын. Меніңше, мұнда экспансияның классикалық ұғымын басшылыққа алған дұрыс. Яғни, бизнестің дамуы банктің қандай да бір елде технологиялық тізбекті тұйықтау үшін немесе қосымша пайда алу үшін қатысуын талап ететіндігін ескеру керек. Айталық, қазір біз Батыс рыноктарына немесе Оңтүстік-Шығыс Азия рыноктарына тым болмағанда жәй ғана қатысу үшін шығамыз. Айтпақшы, біздің кері қозғалысқа да дайындалуымыз қажет. Мәскеуде қазірдің өзінде шетелдік банктер – әлемдік және еуропалық деңгейде де, бөлшек бизнес көшбасшылары – Сосьете Женераль Восток, Райффайзенбанк, Ситибанк сияқты банктер жұмыс істейді. Олар үшін соңғы екі жылда бөлшек сауда бизнесті дамытудың маңызды бағытына айналған. Бүгінде Ресейдегі шетелдік капитал үлесі 10 пайызға жуықты құрайды. Шығыс Еуропаның тәжірибесі шетелдік банктердің қатысуының ұлғаюы әлеуеті кемінде 3-4 есе болатындығын көрсетеді. Әрине, Ресей банктері бұған жауап ретінде өзінің ішкі шоғырлануын бастайды деп күту керек. Осыған ұқсас сценарий бізде де күтіледі: британның Standard Charteret банкі Қазақстан рыногына шығу мүмкіндіктерін қарастыруда, осындай мүмкіндіктерді Raiffeisen International тобы мен «Внешторгбанк» те қарастыруда. Сондықтан да ТӘБ-тің өз активтерін шоғырландыра бастауы табиғи нәрсе.

     

  • Банктің қазір Украина, Қырғызстан, Беларусь, Грузия немесе Армения сияқты республикаларда белсенді экспансия жүргізіп отырғандығы әбден түсінікті. Бұлар біршама игерілмеген рыноктар. Ал сіздер онсыз да тығыз Ресей рыногына, әсіресе Мәскеу рыногына қалайша бойламақшысыздар?
  • Ресей посткеңістіктегі ең ірі ойыншы және ең ауқымды рынок болып қала береді. Ресей және Қазақстан – бұлар барлық мағынасында бірін-бірі өзара толықтыратын екі ірі экономикалық жүйе. Бұл әсіресе энергетика секторында айқын көрінеді. Банк жүйесі де көп ретте бірін-бірі өзара толықтыра алады. 2007 жылдың аяғына дейін Славинвестбанк, Омскбанк, БТА Казань және Агроинкомбанк жөніндегі мәмілелер аяқталатын болады. Ресей рыногына қуатты батыс компаниялары едәуір қызығушылық танытып отырғанда, біздің тіпті де белсенді болуымыз қажет.

     

  • Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі –Елбасымыз Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында қозғалған өзекті мәселелердің бірі. Ол сіздердің жаңа стратегияларыңызда қандай орын алады?
  • Банк бірдей мүмкіндіктерге ерекше мән береді және әлеуметтік жауапкершіліктің барлық деңгейдегі өкілдерінің алға қойған мақсаттарға жетуіне жәрдемдесуге көп күш-жігер жұмсайды. Онымен қоса, әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды деңгейі қызметкерлер мен олардың отбасы болып табылады. Бұлардың бақуатты тұрмысы банктің табысты қызметімен тікелей байланысты. Жауапкершіліктің екінші деңгейі – банкке өз қаржысын сеніп тапсырған біздің клиенттеріміз бен акционерлеріміз. Және де, әрине, кең мағынасында алғанда банк өзінің қатысуымен қоғамдастық пен елдердің алдында жауапты. Біз өз миссиямызды бір жағынан, ТМД-нің мәдени және тарихи кеңістігінің ортақтығын сақтаудан және екінші жағынан, Қазақстан мәдениетін елімізден тыс жерлерде насихаттауда деп білеміз. ТӘБ Қазақстанның киноархивін қалпына келтіру жөнінде үлкен жұмыстар жүргізді, Марат Бисенғалиевтің оркестрін қаржыландырады, қазір біз бірінші қазақстандық мюзикл құру жөніндегі жобаны бастап кеттік, ол Қазақстанның келбетін танытатын өзіндік бір өнер ұжымына айналуы тиіс, әлемдегі ең соңғы мәдени тенденциялардың этникалық тұрғыда көрініс табуы болады. Ержан Тәтішев атындағы Қайырымдылық қоры таяу уақытта бірегей білім беру жобасын іске қосады, банк өзінің оқу орталығын ашпақ. Маған сеніңіз, егер банктің мақсаты тек қана капитал болған жағдайда жаһандық табысқа жетудің мысалы тарихта кездескен емес. ТұранӘлемБанкі өз елінің және өз клиенттерінің басқа мемлекеттердегі мүдделерінің жол бастаушысы екендігін барынша ұғынып, сезінеді.