Главная

Жаңалықтар

2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде тамыз қыркүек қазан қараша желтоқсан 

Үлкен өнерге баспалдақ

08.06.2007 / Баспасөз орталығы

Қазақстанда жаңа республикалық телевизиялық «ӘЛЕМ ART» жобасы басталды

Бүгін Қазақстан баспасөз клубында республикалық телевизиялық «ӘЛЕМ АРТ» байқауының басталуына байланысты баспасөз конференциясы болып өтті.


Баспасөз конференциясына қатысқандар:

  • Әбіләкім Жұмахметов - «ТұранӘлем Банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары
  • Сәуле Жанпейісова – әділқазылар алқасының мүшесі
  • Қыдырәлі Болманов – әділқазылар алқасының төрағасы
  • Динара Адам – “Қазақстан”телеарнасының продюсері

«Әлем АРТ» - бұл отандық телевизия тарихындағы қазақ әндерін орындайтын және ұлттық аспаптарда ойнайтын жас өнерпаздардың тұңғыш байқауы. Байқаудың ұйымдастырушысы «Қазақстан» телеарнасы, бас демеушісі – «ТұранӘлем Банкі» АҚ.

Баспасөз конференциясына қатысушылар жаңа отандық тележобаның басты мақсаты қазақ халқының мәдени дәстүрлеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру және талантты да болашағынан зор үміт күттіретін жастардың өнер көрсетуіне жақсы жағдай жасау деп есептейді.

Жобаның басты идеясы әншілік және күйшілік өнердің дүбірлі додасын Қазақстан үшін жаңа да сапалы деңгейде өткізуге негізделген. Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар: әртістік өнер, қазақтың орындаушылық дәстүрлерін білуі және түсінуі, сондай-ақ композицияның мазмұнын аша білуі деп атап өтті әділқазылар.

Банк өкілдері кейінгі кездегі қазіргі заманғы эстрадалық музыкаға қарай жаппай беталыс бір қалыпқа түсіп, тепе-теңдік қалыптасатынына сенімді болып отыр. Жастар музыка таңдауда қателеспеулері керек, алайда кейінгі кезде бұл мәселеге дұрыс көңіл бөлінбей келеді. Бұл мәселені шешуде бірінші кезекте кең аудитория үшін жаңа және жас талантты орындаушылардың есімдерін анықтау қажет екені анық.

ТұранӘлем банкі үлкен міндеттерінің бірі ретінде мәдениетті инвестициялау мен гуманитарлық дамуды қарастырады, сондықтан да осы жобаға қолдау көрсетіліп отыр.

Байқау үш турдан тұрады. 1500-ден астам үміткер қатысқан іріктеу кезеңдері мамыр айында Астана, Өскемен, Ақтау, Петропавл, Шымкент және Алматы қалаларында болып өтті. Белгілі тұлғалардан құралған әділқазылар алқасының шешімімен 12 адамнан тұратын топ іріктеуден өтті. Олардың арасында 6 әнші және 6 күйші бар. «Іріктеу турына 16 жас пен 26 жас аралығындағы мыңнан астам жастар қатысты. Ақтық байқауға қатысатындарды іріктеуде біз бірінші кезекте қатысушылардың орындаушылық шеберлігіне, әртістік өнеріне, материалды жеткізе білуіне, қимыл-қозғалысына да ерекше мән бердік. Нәтижесінде 5 қыз бен 7 жігіт ақтық байқауға жолдама алды - Ақтау қаласынан - Тілепбергенов Абылай, Асқанов Нұрым, Өскемен қаласынан - Тоқтаров Асхат, Байзалдина Жанерке, Петропавл қаласынан - Әбдірахманов Әсет, Қарабекова Айзат, Шымкент қаласынан- Ерлан Талап, Хасанов Мақсат, Алматы қаласынан - Қарабалина Эльза, Бибатырова Сәбира, Астана қаласынан - Табыс Венера, Сейдахмет Шахаризат», - деп атап өтті «Қазақстан» телеарнасының продюсері Динара Адам.

Екінші турда, яғни Алматыдағы концерттер трансляциясы кезінде телекөрермендер СМС арқылы дауыс бере алады. Әдеттегідей жоба ақтық сайыспен өз мәресіне жетеді. Бас жүлде байқау ұйымдастырушысы «Қазақстан» телеарнасы әзірге құпия сақтап отырған Халықаралық фестивалға жолдама болмақ.

Байқауға дайындық кезінде осыған ұқсас басқа жобалардың тәжірибелері де зерделенді, көрермендердің белсенділігіне байланысты жеңімпаздарды анықтаудың үлгісі жасалынды, аса белгілі адамдардан тұратын әділқазылар алқасы тағайындалды. Олардың құрамында елімізге белгілі: Роза Рымбаева, Сәуле Жанпейісова, Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, Болат Атабаев, Абдулхамит Райымбергенов сияқты мәдениет қайраткерлері бар.

Әрі қарай ең лайықты үміткерлерді телекөрермендер анықтайды. Бір жарым ай уақыт бойы ақтық байқауға өткен өнерпаздармен кәсіби визажистер, музыканттар мен режиссерлер жұмыс істейтін болады. 15 маусымнан бастап әр апта сайын «Қазақстан» телеарнасының көрермендері байқау жеңімпаздарының өнерлерін тікелей эфир арқылы тамашалай алады. «Жоба күнделігі» сахнаның арғы бетіндегі байқау барысы туралы хабардар ететін болады, оны «Көңіл ашар» бағдарламасының белгілі жүргізушісі Майя Веронская мен «Тойбастар» бағдарламасының жүргізушісі, «Астана kz» КТК-ының капитаны Нұрлан Қоянбаев жүргізеді.

Байқауды ұйымдастырушылар жоба аясында www.alemart.kz сайты өз жұмысын бастағанын қуанышпен хабарлайды. Қазіргі уақытта онда жалпылама ақпараттар берілген, алдағы уақытта байқау барысы жөнінде хабардар ететін жоба күнделігі жүргізілетін болады.


Анықтама үшін:

Ақындар мүшәйрасы

ТұранӘлем банкі қазақ халқының дәстүрлерін қолдауға бағытталған жобаларды алғаш рет жүзеге асырып отырған жоқ. Жыл басында Банктің бастамасымен Қазақстанда тұңғыш рет ақындар мүшәйрасы басталды, байқаудың негізгі мақсаты халқымыздың ақындық өнерін дамыту, жас дарындардың есімдерін анықтау, қазақ әдебиетін насихаттау және ұлттық мәдениетімізге қолдау көрсету. Байқау аясында «Үкілі үміт», «Жаңа есім», «Ең жас ақын» номинациялары бойынша жүлделер тағайындалып отыр. Әділқазылар құрамында елімізге белгілі ақындар бар. Бәйге қорытындысы 15 қазан - ТұранӘлем банкінің туған күні қарсаңында шығарылады. Жүлде алған шығармалар кітап болып шығады.

Республикалық «Ана тілі Аруы»байқауы

ТӘБ аталған байқауға бес жылдан бері қолдау көрсетіп келеді. 2007 жылғы 22 мамыр күні Республика Сарайында байқаудың ақтық сайысы және гала-концерт болып өтті, елімізге белгілі депутаттар, журналистер, ақындар мен жазушылардан құралған әділқазылар алқасы ең сұлу қыздарды іріктеді. Қыздарды іріктеуде әділқазылар алқасы олардың ана тілін, ата-баба дәстүрі мен салтын, елінің мәдениетін жетік білуіне, сондай-ақ әншілік, бишілік, т.б. өнеріне және әдемілігіне де ерекше мән берді. Ақтық сайыс жеңімпаздарының қатысуымен шілде айында Стамбұлда (Түркия), ал тамызда Үрімшіде (ҚХР) гала-концерт өтеді. Наурыз айында Мәскеу қаласында алдағы жылдардағы байқау жеңімпаздарының қатысуымен гала-концерт өтпек.