Главная

Жаңалықтар

2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде тамыз қыркүек қазан қараша желтоқсан 

“БТА Банкі” АҚ ұйымдастырған екінші республикалық жазба ақындар мүшәйрасының марапаттау рәсімі болып өтті

31.10.2008

Бүгін Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында “БТА Банкі” АҚ жариялаған екінші республикалық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты болып өтті.

Мүшәйраның мақсаты - халқымыздың ақындық өнерін дамыту, жас дарындардың есімдерін анықтау, қазақ әдебиетін насихаттау және ұлттық мәдениетімізге қолдау көрсету.

Мүшәйраның тәртібі бойынша байқауға бұрын еш жерде жарық көрмеген, көпшілік қауымға таныс емес поэзиялық туындылар қабылданды. Шығарманы іріктеу кезінде тақырыптың ашылуы, тілдік қоры, көркемділігі, нақтылығы және ең бастысы ақындық шеберлігі ескерілді.

Байқау көпшілік арасында зор қызығушылық туғызды. Байқау жарияланғалы уақыттан бері 60-тан астам қолжазбалар іріктеуден өтті. Оған қатысушылар арасында еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ шетелдерде тұратын мектеп оқушысынан бастап қадірлі ақсақалдарымыз да бар.

Жеңімпаздарды қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының ирi Тұманбай Молдағалиев, қазылар алқасының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының лауреаты, “БТА Банкiнің” бөлім бастығы Қасымхан Бегманов, Халықаралық “Алаш” сыйлығының иегерi, ҚЖО басқарма төрағасының бiрiншi орынбасары Ғалым Жайлыбай, ҚЖО кеңесшісі Жәркен Бөдешұлы, Шешеністанның Халық батыры, Шешеністан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рапилбек Ниязбек сияқты белгілі ақындардан құралған қазылар алқасы іріктеп, әділ бағаларын берді.

Мүшәйраның қорытындысы бойынша:

  • Бас жүлдеге Қазақстанның Халық жазушысы, Жастар және Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халқымыздың аса көрнекті классик ақыны Қадыр Мырза Әли (Алматы);

1 орынға :

  • ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын Темірхан Медетбек (Алматы).

2 орынға :

  • республикалық “Заң” газеті бас редакторының бірінші орынбасары, ақын
  • Жарас Сәрсек (Алматы қаласы);
  • республикалық “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторының бірінші орынбасары, ақын Бекжан Әшірбаев( Алматы қаласы);
  • “Абай” журналының бас редакторы, ақын Мұратбек Оспанов (Семей).

3 орынға:

  • “Ақтөбе” облыстық газеті Бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев (Ақтөбе);
  • Түркістан қаласындағы Қазақ-түрік университетінің ұстазы, ақын Досбол Ислам (Түркістан);
  • Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, ақын Серікжан Қажи (Алматы).

Арнайы сыйлықтарға:

  • “Тарлан” тәуелсіз платиналы сыйлығының иегері, белгілі ақын, сазгер, драматург, Исраил Сапарбай (Алматы);
  • жас ақын Ерғали Бақаш (Қытай Халық Республикасының Құлжа қаласында дүниеге келген).

“Үкiлi үмiт” номинациясына:

  • Алматы облысы Райымбек ауданы Қошқар ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Қуаныш Жазай.

“Шабыт” арнайы номинациясына:

  • М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 3-курс студенті, жас ақын Талғат Мықиев (Орал қаласы);
  • Сарқан аудандық “Сарқан” газетінің бас редакторы, ақын Жомарт Игіман (Алматы облысы);
  • “Қазақстан” телерадиокорпорациясының Қарағанды облыстық филиалының редакторы, жас ақын Руслан Нұрбай (Қарағанды қаласы) ие болды.

Жеңімпаздарға ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сыйлық қорының жалпы қоры 4 500 000 теңгені құрады.

Жеңімпаздардың жырлары жинақ болып шығады және республикалық әдеби газеттерде жарық көретін болады.

Мүшәйраға қатысқан “БТА Банкі” АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Жақсылық Жәрімбетов: “БТА Банкі отандық мәдениетіміз бен әдебиетіміздің дамуына барынша қолдау көрсетіп келеді. Алдағы уақытта да көрсете бермек. Бүгінгі жазба ақындардың жыр мүшәйрасы өткен жылға қарағанда жоғары деңгейде өткізіліп отыр деп ойлаймын. Біз бұл шараны алдағы уақытта дәстүрлі түрде ұйымдастыратын боламыз”, - деп атап өтті.

Мүшәйрада Түркия қоғамы республикалық мәдени орталығының тіл және мәдениет комитетінің төрағасы, осы қоғамның Алматыдағы мәдениет орталығының төрағасы Қазақбай Қасымов мырза сөз сөйлеп, көпшілік атынан өз лебізін білдірді. Салтанатты шараны қазылар алқасының жауапты хатшысы, Қазақстан Жастар одағы және Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлықтарының лауреаты, “БТА Банкiнің” бөлім бастығы Қасымхан Бегманов қорытындылады.

Жыр кешіне “МұзАрт”, “Бойтұмар” тобы, Жазира мен Жанболат, Роза Әлқожа, Айгүл Кәден және басқа эстрада жұлдыздары қатысып, өнер көрсетті.

БТА банкі еліміздің мәдени және рухани мұрасын қайта жаңғыртуда орасан зор жұмыстар атқарып жатқан жобаларға қолдау көрсетуді өз міндеттерінің бірі деп санайды. Сондықтан да мәдени жобалардың жүзеге асуына жан-жақты демеушілік жасап келеді. Атап айтар болсақ, жыл сайын өтетiн “Ана тiлi аруы” байқауына, “Қазақстан” ұлттық телеарнасында жүзеге асырылған халықтық дәстүрдегi жас әншiлер мен күйшiлердiң байқауына, сонымен қатар, Тәуелсiздiк алғалы берi тұңғыш рет өткiзiлген Баянауылдағы жүзге жуық жас қаламгерлердiң форумына бас демеушi болды. Журналистер арасында тастаяқ жарысы (бильярд) өткізілді. Биыл Алаштың ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың туған жерінен бастап, қызмет еткен жерлеріне бір топ журналистер мен зиялы қауым өкілдерінің жолсапары басталды. Осынау игі жоба аясында қазақ халқының ұлы перзентті - Мұстафа Шоқайдың қалтарыста қалған, тарих қойнауында жатқан архивтері ашылып, тың деректер жарияланатынына сеніміміз мол. Осы жоба аясында он екі сериялы деректі фильм мен бұрын еш жерде жарияланбаған тың деректерге толы екі томдық кітап дайындалуда.

"БТА Банкі" АҚ ТМД аумағындағы банк желісін құруда көшбасшы және ірі банктердің бірі. 2008 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қорытынды бойынша “БТА Банкі” АҚ-ының шоғырландырылған активтері 3 356 млрд. теңгеге (27,8 млрд. $) жетіп, капиталы - 474 млрд. теңгені (3,9 млрд. $) құрады. “БТА Банкі” АҚ шоғырландырылған таза пайдасы 27 830 млн. теңгені (231 млн. $) құрады.

“БТА Банкі” АҚ стратегиялық серіктес банктер желісі Ресей, Украина, Беларусь, Грузия, Армения, Қырғызстан мен Түркия елдерін қамтиды. БТА өкілдіктері Ресейде, Украинада, Қытайда және БАӘ-де жұмыс істейді.
“БТА Банкі” АҚ-ның Қазақстан Республикасы бойынша ең ірі филиалдар желісі (22 филиалы мен 277 бөлімшесі), сондай-ақ кеңейтілген банкоматтар желісі (778) мен өз-өзіне қызмет көрсететін терминалдары (160) бар. БТА Банкінде 1,3 млн. жеке меншік және 100 мың корпоративтік клиенттерге қызмет көрсетіледі.
2008 жылы The Banker іскерлік журналының ұсынысы бойынша “БТА Банкі” АҚ әлемнің үздік банктері тізіміндегі 295 орыннан 173 орынға көтеріліп, бір жыл ішінде 100 пункте жоғарылады. 2006-2007 жылдары БТА Банкі беделді “Итоги” қаржы басылымы жүргізген ТМД-ның жетекші қаржы сарапшыларының сауалдама қорытындысы бойынша “ТМД-дағы жылдың үздік банкі”, сондай-ақ “Euromoney” халықаралық басылымының ұсынуы бойынша “Орта Азиядағы үздік банк” атанды. 2007 жылы Еуропалық Бизнес Ассамблея (ЕБА, Оксфорд, Ұлыбритания) БТА-ға еуразия аймағының банк секторындағы “Еуропаның үздік компаниясы” (“Best Enterprise of Europe”) атағын берді.

БАҚ-пен байланысу үшін:
Жанна Шамова,
“БТА Банкі” АҚ қазақтілді БАҚ-пен жұмыс бөлімінің райтері
8 (727) 266-43-64,
e-mail: shamova@bta.kz