Главная

Жаңалықтар

2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде тамыз қыркүек қазан қараша желтоқсан 

«БТА Банкі» АҚ Директорлар Кеңесінің Төрағасы Мұхтар Әблязов: Егер біз өз елімізге сенер болсақ!

03.12.2008

Әлемдік дағдарыс және оның салдары

Биылғы жылы біз бүкіл әлеммен бірге экспорттық тауарлар құнының күрт төмендеуі жағдайында экономикалық сынақтың ауқымына кірдік. Қалыптасқан жағдай дағдарыстан шығудың принципті жолдары туралы мықтап ойлануды талап етеді.

Біздің ойымызша, “Өзіміздің елімізге, экономикамызға, адамдарымызға қаншалықты сенеміз?” деген қарапайым сұраққа өзімізше жауап беретін кез туды. Осынау сұраққа тек оң жауап беру ғана қолымызда бар мүмкіндіктеріміз бен ресурстарымызға ашық қарап, Қазақстанның одан әрі жүйелі дамуы мақсатында оларды қалай пайдалануды айқындауға мүмкіндік береді.

Біздің мүмкіндіктеріміз

Біз қазір Қазақстанда экономиканың әртүрлі салаларында жаңа бәсекеге қабілетті өндірістің материалдық негізін жасауға мүмкіндік беретін айтарлықтай қаржылық ресурстардың жинақталғанына сеніммен қарай аламыз. 1998-2008 жылдарда ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) алты еседей өсіп, 22,1 миллиард доллардан 129,8 миллиард долларға жетті.

Біздің бағамдауымыз бойынша, Қазақстан экономикасында 50 миллиард АҚШ долларынан кем емес аса мол инвестициялық резерв жинақталып отыр, ал бұған Ұлттық банктың алтын-валюталық резерві (20 миллиард АҚШ долларынан аса) қосылмай отыр:

  1. Ұлттық қорда бүгінгі күнде 26 миллиард АҚШ долларынан аса қаржы жинақталуы қалыптасып отыр. Бұл қаржылар шет мемлекеттер мен компаниялардың төмен табысты бағалы қағаздарына енгізілген және біздің экономикамызда пайдаланылмайды. Бәлкім, Қазақстан экономикасындағы ақша қызуы жағдайында, елден тыс жерде инвестиция жасау тәуекелшілікті әртараптандыру дұрыс та болған шығар, ал қалыптасқан өтімділіктің тапшылығы жағдайында осынау құрылымды қайта қарап және ең болмағанда оның жартысын өз экономикамызға бағыттау керек, ал мұнда салынған қаржының табыс деңгейі айтарлықтай жоғары. Жалпы алғанда, бұл Ұлттық қордың мақсатына қарсы келмейді, өйткені ол елде қолайсыз жағдай болған кезде пайдалану үшін құрылған. Айталық, Ресей өзінің Қорларының барлық қаржыларын ішкі рынокқа бағыттау жөнінде шешім қабылдады. Әлемдік проблемалар жағдайында ақшаның ұлттық экономикадағы маңызын түсініп отыр. Егер біз өз елімізге және өз адамдарымызға сенетін болсақ, солай жасауға не кедергі болады?

  2. Биылғы жылғы қарашаның басына қарай Зейнеткерлік қорларда 11 миллиард АҚШ долларынан аса қаржы жинақталып отыр, оның көп бөлігі қазіргі қаржы салу құрылымы жағдайында зиян ғана әкеледі әйтпесе табысы шамалы. Зейнеткерлік төлемді кепілді ету үшін, Қорға ай сайын 180 миллион АҚШ долларындай қосымша түсіп отыратынын және оған салымдардың табысы қосылатынын ескерсек, осынау қаржыны импорты алмастыратын өндіріске тиімді салу қажет-ақ, ол нақты экономикаға тек пайда келтіреді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашады.
  3. Халықтың ақшалай табыстары 2001-2008 жылдарда номиналды 4,5 есе артып, 9,3 миллиард доллардан 46,8 миллиардқа өсті.

    Халықтың жиналған қаржысының бір бөлігі дипозиттерде сақталса, айтарлықтай бөлігі қолма қол ақша ретінде үйлерінде (“жастықта”) сақталады. Біздің бағамдауымызша, бұл сома 15 миллиард АҚШ долларынан кем емес. Қазақстан мен Ресейді (шамамен оннан бір) салыстыру қисыны да осы цифрды көрсетеді (Ресей банк жүйесінің активтері Қазақстан банк жүйесі активтерінен 9,3 есе көп, заңды тұлғалардың шоттары 9,8 есе, жеке тұлғалардың шоттары 21,1 есе жоғары).

    Көрсетілген сомаларды банктерге салған күнде халықтың пайыздық табысы жыл сайын 1,5-2 миллиард долларға өседі, бұл тұтыну секторы мен жеке тауар айналымы үшін айтарлықтай сома. Қараша айында біздің үкіметіміз қазақстандық банктерде жеке тұлғалардың салымдарын сақтаудың мемлекеттік кепілдік көлемін 5 миллион теңгеге дейін өте дұрыс көбейтті. Өзбекстан 1 желтоқсаннан бастап халық депозиттерін толық көлемде сақтауға кепілдік жасады. Халықаралық тәжірибеде мұндай шараларды жүзеге асыру кең тараған: Ирландия, Австралия, Дания, Германия, Сингапур және басқалар. Біздің ойымызша, біздің үкіметіміз халықтың депозиттеріне байланысты, олардың азаматтығына қарамай, депозиттердің қазақстандық банктерде толық көлемде сақталуына кепілдік жасап, тағы да бір маңызды қадам жасар. Мұндай кепілдік барша экономиканы қорландыру негізін нығайтады.
  4. Қазақстанда жұмыс істейтін және мұнай, газ, қара және түсті металл экспорттаушы компаниялар шетел банктерінде ірі қаржы жинақтап отыр, мамандардың әр түрлі бағамдауына қарағанда, ол 10 миллиард АҚШ долларынан асады. Көптеген компаниялар дәл қазір өз ресурстарының сақталуын қамтамасыз етуге байланысты қатты абыржып отыр. Біздің ойымызша, Қазақстан Үкіметінің қазақстандық банктердің есеп шоттарына салынған, айталық 2009-2011 жылдарға, корпоративтік депозиттерді сақтаудың 100 пайыздық кепілдігі арқылы, осы қаржыны елге қайтаруының ерекше мүмкіндігі туып отыр. Бұл кепілдік, қандай елдің резиденттері екеніне қарамай, барлық заңды тұлғаларға арналуы мүмкін. Мұндай шара – Германия үкіметінің 2008 жылғы 5 қазанда қабылдаған шешіміне ұқсас. Үкімет қазақстандық банктерге салынған заңды тұлғалардың депозиттеріне кепілдікті жариялай отырып, күмәнданушы депозиторлар үшін шешуші аргументтерді алға тосады.Тек қорландырудың аталған көздері ғана 50 млрд. доллар ақша резервін құрайды. Бұл қаржы мемлекет пен банктердің бірлесе қимылдауы арқасында қысқа мерзімде (бір жыл ішінде) инвестициялық айналымға түсе алады.Инвестициялық қаржы құйылуы бойынша міндеттерді таяудағы жылдардың проблемаларымен ғана байланыстырмай, 10-12 млрд. доллардың сарапшылық бағамен шектелмей, алдағы болашақпен, экономиканың мол қаржыны қажетсінетін кезеңмен байланыстыру керек. “Жоғарыда аталған 50 миллиард қаржыны қайда жұмсаймыз? Қандай салаға және нақты қандай жобаларға бағыттау туралы ұғымымыз бар ма?” деген сұрақты түсіну де, оған жауап беру де маңызды.

Экономиканың локомотиві

Қазақстан экономикасының құрылымын талдай отырып, соңғы ондаған жылдарда өсуіміздің басты локомотиві мұнай-газ секторы болғанын мойындауымыз керек, сонымен бірге мемлекеттің оның жағдайы мен дамуына тәуелділігі күшейе түсті. 1998-2008 жылдарда ІЖӨ 22,1 миллиардтан 129,8 миллиард долларға дейін алты  есе өсуінде мұнай-газ секторының үлесі 1998 жылдан 2008 жылға дейін үнемі өсіп, 10 пайыздан 21 пайызға жетті, экспорттағы үлесі 32 пайыздан 64 пайызға, мемлекеттік бюджет табысында, Ұлттық қорға түскенді есептегенде, 40 пайыздан 63 пайызға өсіп отырды. Бұл цифрлар біздің “экономикалық біржақтылығымызды” айқын көрсетеді. Экономикада ауыл шаруашылығының да, құрылыстың да айтарлықтай рөл атқарған кездері болды, бірақ олардың ықпалын мұнай-газ секторымен салыстыруға келмейді.

1998 жылдан 2008 жылға дейін, мұнай-газ секторы және кен-руда металлургиясымен қатар, агро-өнеркәсіптік кешен, құрылыс және қаржы секторы да экономиканың локомотиві болды. Қазіргі уақытта банктер, статистикаға қарағанда, экономикаға (ІЖӨ) қомақты үлес қосып отыр, металлургияға қарағанда (1,7 есе), ауыл шаруашылығына қарағанда (2,1 есе) және кен-руда өнеркәсібіне қарағанда (2,5 есе) әлдеқайда көп.

Елімізде ақшалай ресурстар барлығы кезінде Қазақстан экономикасының локомотиві саналатын салаларда баяулауға жол беруге болмайды.

Қазақстан экономикасын инвестициялаудың бағыттары туралы

Елімізде бар осынау аса мол қаржыны тиімді игеру және қазып кетуді немесе өсімнің айлалық қарқынына жол бермейтін бағытқа жұмсалуы туралы әңгіме қозғау айрықша маңызды.

Қорғаныс бағытын ұстана отырып (экспорттың жаңа сегменттерін жасауды мақсат етпей-ақ), тамақ өнеркәсібінде, мұнай химиясында, машина жасауда, формацевтикада, жеңіл өнеркәсіпте және электр энергетикасында импортты алмастыратын кәсіпорындар салу өзекті және қажетті болып отыр.

Соңғы онжылдықтарда импорт 8 есе өсіп, 1998 жылдан 2008 жылға дейін шамамен 35 миллиард АҚШ долларына жетті. Егер елімізде импортты алмастыратын салаларды дамытуға қолайлы да ынталылық жағдай жасалған күнде импорт осыншалық аса зор көлемге жетпес еді.

Біздің неге көбірек көңіл аударуымыздың керектігін ұғуға тауар импортының қазіргі құрылымына назар аудару көмектеседі (2008 жылдың 9 айы бойынша іріктеп алынған ірі статьялар):

  • машиналар мен құралдар (7,6 миллиард АҚШ доллары шамасында)
  • минералдық ресурстар (4,7 миллиард АҚШ доллары)
  • металл өнімдері (4,4 миллиард АҚШ доллары)
  • көлік құралдары АҚШ доллары
  • химия өнеркәсібінің тауарлары (1,9 миллиард АҚШ доллары)
  • азық-түлік тауарлары (1,3 миллиард АҚШ доллары)
  • фармацевтика заттары (0,5 миллиард АҚШ доллары)

Бұған қоса экономиканың басқа да салаларында бірқатар қажеттіліктер бар, айталық, электр энергетикасында.

Бағымдауға қарағанда, 2030 жылға дейін тек энергетикалық қуаттарда ішкі қажеттілік 225 пайызға өсіп, 173 миллиард кВт/с өседі екен.

Бірақ электр қуаты мен отынның қазіргі бағасы мен тарифтеріне қарағанда, оған салынған инвестиция тек өзін 25-30 жылда ғана ақтайды екен. Тарифтерді белгілеуге жедел түрде түзетулер енгізбейінше, біз осынау негіздеуші саланы жылдам дамытуды қамтамасыз ете алмаймыз. Электр энергетикасын дамытуға ғана инвестиция тарту 23 миллиард АҚШ доллары көлеміндей болмақ.

Аталған бағыттардың барлығы да таяудағы жылдарда басым бағыттар болып саналады.

Банк секторының рөлі

Осыншалық ауқымды көлемде инвестициялық құйылым процестің барлық қатысушыларының, оның ішінде қаржылық жүйенің де, үйлесімді жұмысын талап етеді. Қазақстан банктері соңғы жылдарда айтарлықтай күшейді. Олар ішкі жалпы өніммен салыстырғандай көлемде, 105 миллиард АҚШ долларынан аса активтерге ие болып отыр және олардың экономиканың дамуына ықпал етуі өзіндік факторға айналды.

Қазақстан банктері ТМД елдеріндегі өз әріптестеріне қарағанда айбынды көрінеді. Айталық, Евразиялық кеңістіктегі 20 банктің бесеуі – қазақстандық банктер.

Банктердің дамуына біздің тоқталып жатуымыздың керегі жоқ, ал ісіне қарап бой түзейтін жаһандық жетекшілер жетерлік, олар – Швейцария, Ұлыбритания, Жапония, АҚШ. Бұл елдердің банктері қаржылық рыноктарда жөн айтушылар саналады, олар әлемнің барлық жерінде ақша да салады, ақша да алады. Швейцария банктері, айталық, өзіне тартқаннан гөрі (сыртқы міндеттеменің 60 пайызы дерлік сыртқа инвестицияны көбірек салады, (активінің 64 пайызынан көбірек), ал британдық банктер елден тыс жерге активтерінің 46 пайызын инвестицияласа, сыртқы міндеттемелердің 43 пайызын тартады. Қазақстан банктері кредиттерінің тек 12 пайызын ғана шет елдерге салса, ал сыртқы рыноктардан өз міндеттемелерінің 40 пайызын тартады. Әлемдік көшбасшылармен салыстырғанда, Қазақстан банктерінің операцияларының белсенді бөлігі қатаң түрде ішке бағытталғаны айқын. Бұл ретте қазақстандық банктерде капитал жетімдігі 12 пайыздан жоғары болса, швейцарлық банктердікі 4 пайыз, ал британдықтардікі 6 пайыз.

Осындай белсенді түрде сыртқа капитал шығару және банктерді тарту стратегиясы барлық мемлекеттерде құпталады. Бұдан қаржы жүйесінің бәсекелестік қабілеті артып, тұрақтылығы, экономиканың дамуындағы локомотивтік рөл атқару қабілеті күшейеді.

Біз өзімізге өнеге ретінде аса ірі алып банкті таңдадық, ең үздік әлемдік көшбасшыға ұмтылып, соған сай биікке жетуді мақсат тұттық. Дамушы мемлекеттердің банктерімен бәсекеге түсуде мән жоқ, онда біз локалдық банк болып, жаһандық банктік технологиялар мен мүмкіндіктің ең соңында қалып қоя береміз. Айталық, 2000 жылы Испат Кармет 600 миллион АҚШ доллары көлемінде заем шығарып, оған ғаламдық банктер қатысқаны белгілі. Бұл сол кезде аса зор табыстай көрінетін. Қазіргі кезде алдыңғы қатардағы қазақстандық бес банктің әрқайсысы жеке өздері ғана клиенттерге одан көп соманы бере алады, мұның өзі экономиканың ең күрделі міндеттерін шешуде банктердің мүмкіндіктерінің артқанын көрсетеді. Банктердің халықаралық ауқымда кеңінен көрінуі елдің мүмкіндіктерін де арттырады. Ұлттық жобаларды қаржыландыру үшін халықаралық әр тараптандыруды және дамыған рыноктардың мүмкіндіктерін пайдалану аса маңызды.

Әлемдік тәжірибе экономика секторларын тепе-теңдік жағдайда дамытуға қорландырудың ішкі көздері жағдай жасайтынын көрсетіп отыр. Депозиттер рыногымен қатар, ішкі қарыз рыногы және оған Ұлттық банктің алғашқы болып белсенді қатысуы да айрықша маңызды. Айталық, Францияда ішкі облигациялар рыногы халықаралық рыноктан 1,9 есе көп, ал АҚШ-та – 4,4 есе, Жапонияда – 24,5 есе, Қытайда – 44,4 есе, бүкіл әлем бойынша орташа 2,5 есе көп. Қазақстандағы жағдай керісінше, сыртқы көздер 19.8 миллиард АҚШ долларын құраса, ал ішкі көздер 6,1 миллиард АҚШ доллары көлемінде. Ішкі қарыздың сыртқы қарызға қатынасының коэффициенті – 0,3. Егер барлық сыртқы міндеттемелерді (евро облигацияларды ғана емес) есепке алса, бұл коэффициент одан да төмендей түседі. Одан айқындалатындай, Қазақстандағы ішкі қаржыландыру жүйесі айтарлықтай шектеулі, сондықтан да несиелеудің ішкі механизмдерін дамыту үшін барынша күш салу керек.

Қорыта айтқанда

Бізде елді дамытудың тамаша ішкі көздері бар: қолайлы географиялық аумақ, адам капиталы, орасан зор ақша, күшті мұнай саласы, кен-металлургиялық сала және банктер. Инвестициялық және кепілдік механизмдерді жетілдіру қиын емес, ең бастысы: елдің мүмкіндігіне деген өз көзқарасыңды қайта қарау және оның мүмкіндігіне сенім.

90-жылдардың басында бізде рыноктық экономикаға бағыт ұстаған кадрлар да, ақша да болмады; өткен он жылдықтың соңына қарай бізде кадрлар пайда болды, бірақ бұрынғысынша ақшамыз болмады; бүгін бізде талай дағдарысты бастан кешкен кәсіпкер мамандар бар, сондай-ақ көлемі жағынан айтарлықтай ақша ресурстарымыз да бар. Бұл қалай да табысқа жететінімізге сенім арқалатады.