Главная

Жаңалықтар

2016 2015 2014 2013 2012 2011 2010 2009 2008 2007 2006 2005 
қаңтар ақпан наурыз сәуір мамыр маусым шілде тамыз қыркүек қазан қараша желтоқсан 

Жиі қойылатын сауалдардың жауабы

13.02.2009 /  Баспасөз орталығы 

БТА Банкінің капиталына мемлекеттің қатысуы салымшылар мен несиегерлердің сенімін арттыруға елеулі шарттар жасайды. Қаржы институтының акционерлері мен менеджменті БТА Банкінің отандық банк жүйесінің көшбасшысы мәртебесін сақтамақ ниетте. Банктің одан әрі дамуы туралы толығырақ “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ басқарма төрағасының орынбасары, “БТА Банкі” АҚ Директорлар Кеңесінің төрағасы Арман Дунаев әңгімелеп береді.

  • Арман Ғалиасқарұлы, жаңа құрамдағы БТА Банкінің Басшылығы бірінші кезекте қандай шешімдер қабылдады?
  • Естеріңізге сала кетейін, БТА Банкі капиталына салынатын мемлекеттік инвестициялардың жалпы көлемі 251 млрд. теңгені құрайды. 3 ақпан күні БТА-ның корреспонденттік шотына 212 млрд. теңге келіп түсті.

    Бұл қаржы келіп түскеннен кейін бірінші кезекте банк басшылығы барлық банкоматтарды теңгемен де, АҚШ долларымен де қолма-қол ақшамен толтыруға шешім қабылдады. Осылайша 4 ақпан күні Ұлттық банк девальвация туралы шешім қабылдағанда банк шотынан ақша алу мәселесі шешілді. Қалған 334 млрд. теңге Үкімет пен “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ БТА Банкін қосымша капиталдандырғанға дейін Ұлттық Банктің есепшотында болады. Бұл жақын күндері өз шешімін табуы тиіс.

    Банк басшылығы сондай-ақ, төлемдерді уақтылы жүргізуге шешім қабылдады, өйткені қаңтардың соңындағы жағдай бойынша банктің орындалмаған төлемдерінің көлемі 150 млн. долларды құраған болатын. Қазір бұл мәселе өз шешімін тапты. Мәселен 4-ақпандағы заемшылар бойынша талаптар орташа есеппен 100 млн.теңге болса, 6 ақпанның өзінде бұл көрсеткіштерді 37 млн. теңгеге дейін төмендеттік. Ең бастысы банк клиенттердің еңбекақы, салықтар мен зейнетақылар, сондай-ақ салымшылардың едәуір бөлігінің төлемдері бойынша талаптарын орындады. Сонымен бірге БТА Банкі акционер құқығында осындай мәселелерді шешу үшін қолма-қол ақшаның бір бөлігін еншілес Темірбанкке ұсынды.


  • Қазір банктің алдында тұрған міндеттер қандай?
  • Қазіргі кезде мемлекет басшысы бастамашы болған ел экономикасын тұрақтандыру, атап айтқанда, шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасына байланысты БТА Банкі қатысуын жалғастыратыны жөнінде “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ” АҚ уағдаластыққа қол жеткізілді. Алдын ала жасалған талдаулардың нәтижесі бойынша банктегі және шағын және орта бизнестің қоржыны салмақты және айтарлықтай белсенді деп есептеймін. Бұл банк қолдау көрсететін саудалық қоржынның бір бөлігі және перспективада тапқан қаржымызды қолда бар қоржынымызды қайта қаржыландыруға бағыттауға немесе экономиканың осы сегментіне жаңа несиелер беруге мүмкіндік береді.

    Ал жеке тұлғалармен жұмыс жайына келетін болсақ, қазіргі сәтте БТА мен “Самұрық-Қазына” ҰӘҚ арасында ағымдағы ипотекалық қоржынды қайта қаржыландыру туралы келісім қол қою сатысында тұр.

    БТА Банкінде бөлшек сауда қоржыны едәуір үлес алып келгенін атап өтуге тиіспін. Девальвация нәтижесінде қоржын бөлігі белгілі бір өзгеріске ұшырады. Әйтсе де, банк тұтыну несиесімен жұмысты жалғастыруда және банк алдындағы өз міндеттемелерін адал орындап келген клиенттерге борыштарын қайта құрылымдау және пайыздық ауыртпалықты төмендету ұсынылуы мүмкін. Осы орайда ерекше атап өтерлік бір жәйт – клиенттердің сенімдерін сақтап қалу үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек.


  • Банкті әрі қарай даму стратегиясы қандай?
  • Өздеріңізге белгілі, банктің несиелік қоржынының 47 пайызы бұрыннан шетелдердегі жобаларды қаржыландырумен байланысты болып келді, бұл банк басшылығы бұрын қабылдаған стратегия болатын. Активтердің сапасын, ссуда қоржынының жағдайын анықтау үшін, ең бастысы – банктің шетелдердегі байланысты тұлғаларымен, соның ішінде еншілес ұйымдарымен жүзеге асырған мәмілелеріне талдау жасау үшін қолданыстағы аудитормен қатар KPMG компаниясы тәуелсіз аудиторлық қаржылық тексеру өткізетін болады. Тексеру кем дегенде 2,5 айға созылады және бұл жұмыс аяқталғаннан кейін ғана банктің және оның тобына кіретін компаниялардың әрі қарайғы стратегиясы жөнінде айтуға болады.


  • Сіз Мұхтар Әблязовтың Мемлекет басшысына жолдаған ашық хатына қандай түсініктеме берер едіңіз?
  • Менің Мұхтар Қабылұлымен сөз таластырғым келмейді, алайда бұл қадам этикаға жатпайды деп есептеймін. Неліктен? Біріншіден, ол ұзақ жылдар осы банкті басқарды және ол басқарған Директорлар Кеңесі қабылдаған шешімдер бүгінде біз көріп отырған жағдайға әкеп соқтырды. Екіншіден, өз мәлімдемесінде ол клиенттерден миллиард доллар сауылдап түседі деп күткенін айтады. Бұл клиенттер кімдер екенін және олар банкке ағымдағы жылдың ақпан-наурыз айларында ақшаны қалайша қайтармақ болғанын айтса, мен Мұхтар Қабылұлына зор алғысымды айтқан болар едім. Біз бұл клиенттермен жекелей жұмыс жасауға әзірміз. Банкке келген шенеуніктер банкті күйрете бастады деген сықылды әңгімелер де жарасып тұрған жоқ. Мен де бұрын осы банкте жұмыс істегенмін, сондықтан да оның тағдырына мен немқұрайды қарай алмаймын. Біз банктен ешкімді де жұмыстан босатпағанымызды атап көрсеткім келеді, басқарманың бұрынғы құрамы, бұрынғы Директорлар кеңесі жұмыс жасауда. Мен ғана үкімет тарапынан қабылданған тиісті шешімнің нәтижесінде сайланып отырмын. Меніңше, егер банкке көмектесу бойынша нақты ұсыныстары болса, мәлімдеме жасаудың орнына банкке қайтып келсін, осы қаржы институтына қалай көмектесуге болатынын айтсын, отырып сөйлесейік. Өткен жылдың қазан-қараша айларында БТА тығырықтан шығуға көмектескен Ұлттық банктің қысқа мерзімді өтімділігі түріндегі 400 млн. АҚШ долларына келетін болсақ, бұл жерде нені болса да жөнімен айту керек екенін айтқым келеді. Осы аталған кезеңде бірде-бір банк Ұлттық банк тарапынан осындай қолдауды пайдаланған жоқ. БТА сұраған барлық өтімдікті алды. Сондықтан да Мұхтар Қабылұлының банк қызметіне қатысты мұндай мәлімдемесі абырой бермейді деп есептеймін. Онымен бірге жұмыс жасаған қызметкерлер қазір де жұмыс жасап жатқанын ол жақсы түсінуге тиіс. Сондықтан да ол қабылдаған шешімдер мен сол қызметкерлер үшін жауапкершілік жүгі оның мойнында. Мен оны қанша құрметтесем де осылай айтуға тиіспін.


  • Мемлекеттің банк капиталына кіруі банк клиенттерінің құқықтарын қорғауға кепіл бола ала ма?
  • Бірінші кезекте мемлекет барлық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Банкке салынған ақшалар – халықтың ақшасы. Сондықтан да мемлекет, ең алдымен оның сақталуына мүдделі. Бұл жағдайда ол салынған қаржыдан айырылып қалмау үшін банк жұмысының, соның ішінде банктің Директорлар Кеңесінің, басқармалары қабылдаған іс-қимылдың ашықтығын және шынайылығын талап етеді. Бұдан шығатын қарапайым қорытынды – мемлекет тікелей немесе жанама түрде қатысатын қаржы институттарына сенім көрсетуге болады. Бұл банктер депозиттермен, клиенттерді қаржыландырумен және ағымдағы төлемдерді жүргізумен байланысты біртұтас саясатты жүргізуге талпыныс жасайтын болады. Халықтың жинақтарының сақтаулына келетін болсақ, мен депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелерге құмар болмауға кеңес берер едім. Өкінішке қарай, адамдар көбіне сатып алу мүмкіндігі жағынан арзанына жүгіреді, ал тауардың сапасына көз жеткізе бермейді немесе сату мүмкіндігі тұрғысынан қымбатына ұрынады. Бұл жағдай инвестор ретінде жеке тұлға үшін қолайлы емес. Халықтың көпшілігі үшін банктің баға конъюктурасын, баланс жағдайын, ең ақырында, депозиттер бойынша мөлшерлемелерді салыстыра отырып, банктің қаншалықты тиімді екенін бағамдауы күрделі екенін түсінемін.

    Қазіргі сәтте ақшаны депозиттерден алып, оны валютаға конвертациялау тиімсіз деп есептеймін. Ақша қаражаттарын банктерде ұстауды ұсынамын.